
Шымкент қаласында тұрғындардың өтініштерін қабылдау, олардың мәселелерін жедел қарау және кері байланыс орнату мақсатында 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Орталық 2020 жылдан бері қала тұрғындарының коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, жол, жарықтандыру, қоғамдық көлік және қалалық инфрақұрылымға қатысты өтініштерін қабылдап келеді.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы Komek 109 мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымша арқылы азаматтар қала аумағында туындаған мәселелер бойынша онлайн өтініш жолдай алады. Өтінішке мәселенің нақты жағдайын көрсететін фото немесе бейнематериалды қоса тіркеуге болады.
Сонымен қатар, өтініш беруші мәселенің нақты мекенжайын енгізіп немесе оны картадан белгілей алады. Бұл жауапты мамандарға мәселенің орналасқан жерін анықтап, тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Тұрғындар өз өтініштерінің қаралу барысын да онлайн режимде бақылай алады. Ол үшін қосымшадағы «Менің өтініштерім» бөлімі қарастырылған. Мұнда әр өтініштің мәртебесі «Құрылды», «Жұмыс барысында» және «Орындалды» кезеңдері бойынша көрсетіледі.
Komek 109 мобильді қосымшасы тұрғындарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Қосымшаны Google Play және App Store платформалары арқылы жүктеп алуға болады.
Осылайша, Komek 109 қосымшасы тұрғындарға қаладағы мәселелер туралы тиісті қызметтерге жедел хабарлап, өтініштің орындалу барысын бақылауға мүмкіндік береді.