
Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кітабын талқылауға арналған тағылымды кездесу өтті. Жиында кітаптағы ел дамуы, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, жастар тәрбиесі, заң мен тәртіп, азаматтық жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды. ⠀
Басқосуда тәрбие және жастар бөлімінің басшысы Данияр Жомартұлы , Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Жұман Жансерік, тарих, құқық және бизнес кафедрасының меңгерушісі,⠀философия ғылымдарының кандидаты, доцент Кемелбек Қанатбек, сондай-ақ, Нартбаев Шымырбай өз баяндамаларында кітапта көтерілген ойлардың бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталды.⠀
Жиын барысында жастардың білімге ұмтылысы, таңдаған мамандығына адалдығы мен ел алдындағы жауапкершілігі жайында да пікірлер айтылды. Қатысушылар кітаптағы тұжырымдарды қазіргі қоғамдық өмірмен байланыстыра отырып, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастырудың маңызын атап өтті.⠀
Шымырбай Жақсыбайұлының айтуынша, патриотизм ең алдымен адамның өз ісіне деген адалдығынан басталады.⠀
– Әрбір жас өзін елінің патриотымын деп сезінуі үшін ең алдымен таңдаған мамандығын терең меңгеріп, өз кәсібін шын жүрегімен сүюі керек. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбегін адал атқаратын азамат қана қоғамның дамуына нақты үлес қоса алады. Сондықтан жастар үшін білім алу мен кәсіби тұрғыдан қалыптасу – елге қызмет етудің маңызды жолдарының бірі, – деді ол.⠀
Ол кітаптың жастарға берер тағылымы мол екенін атап өтті. Оның пікірінше, жинақта мемлекет пен қоғамның дамуына қатысты ойлармен қатар, әр азаматтың ел алдындағы міндеті мен жауапкершілігін түсінуге мүмкіндік беретін тұжырымдар қамтылған. Кітаптағы ойларды оқып қана қоймай, оны өмірлік ұстаныммен байланыстыра білу маңызды.
Жалпы, кездесуде кітаптың мазмұны жан-жақты талданып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Мұндай тағылымды басқосулар жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып қана қоймай, елдік мәселелерге бейжай қарамайтын, білімді әрі жауапты азамат қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені, әділетті қоғамның негізі – саналы ұрпақ, сапалы білім және әр азаматтың өз ісіне адалдығы.⠀