ТАЗАЛЫҚ ӨЗ АУЛАҢНАН БАСТАЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ ӨЗ АУЛАҢНАН БАСТАЛАДЫ

Абай ауданының Ынтымақ шағынауданында орналасқан «Темірші Ата» мешітінде сенбілік өткізу игі дәстүрге айналған. Мешіт жамағаты өз бастамаларымен аптасына бір рет аумақты тазалауға шығады. Тұрғындардың бұл бастамасы қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және әр адамның айналасындағы тазалыққа жауапкершілікпен қарауын көздейтін жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсатымен үндеседі.

Бүгін бесін намазынан кейін мешіт жамағаты мен қызметкерлерінен құралған жиырмаға жуық адам кезекті сенбілікке шықты. Олар мешіт аумағын ретке келтіріп, қоқыстарды жинап, ғибадатханаға іргелес аумақты тазалады. «Темірші Ата» мешітінің имамы Ералы Есенгелдиев мұндай шаралардың маңызы тек тазалықпен шектелмейтінін атап өтті.

– Біз мұндай сенбіліктерді тұрақты түрде өткізуге тырысамыз. Әдетте аптасына бір рет жамағат өздері бастама көтеріп, тазалық жұмыстарына шығады. Бұл – өте жақсы дәстүр. Өйткені мешіт тек құлшылық жасайтын орын ғана емес. Ол – барлығымызға ортақ кеңістіктің бір бөлігі. Сондықтан оған да жауапкершілікпен қарауымыз керек. Бүгін бесін намазынан кейін жиырмаға жуық адам сенбілікке қатысты. Олардың арасында жамағат мүшелері мен мешіт қызметкерлері бар. Уақыт тауып, тазалық жұмыстарына келген әр азаматқа алғысымды білдіремін. Бірі аумақты тазаласа, енді бірі басқа шаруаларға көмектесті. Бірақ барлығымыздың мақсатымыз бір – айналаны таза әрі көрікті ету, – деді имам.

Оның айтуынша, осындай қарапайым істер арқылы адамдардың өздері тұратын ортаға деген көзқарасы қалыптасады. Бүгінгі сенбілік жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасының жергілікті жерлерде нақты іске айналып келе жатқанының тағы бір көрінісі болды. Үлкен өзгерістер қарапайым істерден – таза ауладан, күтіп-бапталған аумақтан, тазартылған көшеден және адамдардың ортақ іске бірге жұмылуынан басталады.

Ынтымақ шағынауданының тұрғындары үшін мұндай бастама қоғамдық өмірдің қалыпты бөлігіне айналып келеді. Олар тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы күнді күтпейді. Мешіт жамағаты тұрақты түрде бас қосып, өз күштерімен айналаны таза ұстауға үлес қосуда.