ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Шымкенттің «Бозарық» шағынауданындағы Құмдыкөл көшесінде бой көтерген «CHATTYQ CITY» тұрғын үй кешенінде жүзге жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Жаңа пәтер иелерінің басым бөлігі баспанаға мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар арқылы қол жеткізген.

Салтанатты шара барысында тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Бұл жоба өңірдегі қолжетімді тұрғын үй қорын ұлғайтып, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың бір бөлігі саналады.

«CHATTYQ CITY» тұрғын үй кешені «Бозарық» шағынауданының жаңа бөлігінде орналасқан. Қазір бұл аумақтағы көлік қатынасы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Дегенмен, бұл аумақта инфрақұрылым кезең-кезеңімен қалыптасып келеді. Кешеннің маңында жаңа мектеп салынған, балалар ойын және спорт алаңдары қарастырылған. Алдағы уақытта қоғамдық көлік бағытын кеңейту де жоспарланып отыр.

Тұрғын үй кешенін елордалық GBG құрылыс компаниясы салған. Компания Шымкенттегі тұрғын үй құрылысы нарығына 2025 жылы кіріп, алғашқы жобасын осы кешеннен бастаған.

Компанияның Шымкент қаласындағы филиалының директоры Ермек Махидовтың айтуынша, жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады.

– Бүгін біз алғашқы тұрғын үй кешеніндегі пәтер кілттерін табыстап отырмыз. Бірінші кезең аясында бес қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, жүзге жуық отбасы баспаналы болды. Мұнда бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Екі бөлмелі пәтерлердің ауданы 60 шаршы метрден асады. Бес қабатты болғанымен, әр үй заманауи лифтімен жабдықталған. Сонымен қатар, тұрғындарға қолайлы болуы үшін дизайнерлік үлгідегі кіреберіс, балалар және спорт алаңдары қарастырылды. Аула жабық форматта болады, – деді Ермек Махидов.

Құрылыс компаниясы тұрғын үйді мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар аясында «Отбасы банк» және «Банк ЦентрКредит» арқылы ұсынады.

Компания өкілдерінің мәліметінше, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы қара сылақтағы нұсқада 350 мың теңгені, ал толық әрленген күйде 420 мың теңгені құрайды.

Толық әрленген пәтерлер «кір де тұр» қағидатына сай дайындалады. Яғни барлық инженерлік желілер – электр энергиясы, ауыз су, кәріз жүйесі, табиғи газ, интернет пен жылу жүйесі толық қосылған. Сондай-ақ асүй мен санитарлық тораптарға қажетті сантехникалық жабдықтар орнатылып, тұрғындардың бірден қоныстануына мүмкіндік жасалған.