ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕГІН ЗАҢГЕРЛІК КЕҢЕС БЕРІЛДІ

ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕГІН ЗАҢГЕРЛІК КЕҢЕС БЕРІЛДІ

“Заң мен Тәртіп” қағидаты аясында Шымкент қаласындағы Арбатта тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беруге бағытталған кезекті «Халық заңгері» акциясы өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастырды.
Аталған акцияның негізгі мақсаты – тұрғындарға өз құқықтары мен заң талаптарын түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге практикалық тұрғыда қолдау көрсету. Қала тұрғындары арнайы мамандарға жүгініп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша тегін кеңес алды.
Акцияға жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустер және өзге де заң саласының мамандары қатысты. Тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме беріліп, нақты жағдайларға қатысты кеңестер ұсынылды.
Азаматтарды толғандырған мәселелердің басым бөлігі жер қатынастарына қатысты болды. Атап айтқанда, жер учаскесін алу кезегіне тұру, мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін алып қою, жер учаскесін заңдастыру, сондай-ақ тұрғын үй кезегі мен баспананы жекешелендіруге байланысты сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар, қала тұрғындары қалалық инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер бойынша да мамандардың көмегіне жүгінді. Құқықтары қандай да бір деңгейде бұзылған азаматтар құқық қорғау органдарының өкілдеріне, адвокаттар мен заңгерлерге жүгініп, өз мәселелерінің құқықтық шешілу жолдарын білді.
Акция аясында еңбек қатынастарына байланысты бірқатар мәселеге де назар аударылды. Атап айтқанда, қала кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету, сондай-ақ жұмысшыларға жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, азаматтардың өз мәселесін заң аясында шешуіне мүмкіндік береді. Тегін кеңес алу арқылы тұрғындар қажетті ақпаратты мамандардан тікелей алып, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетіктерімен танысады.
Кезекті «Халық заңгері» акциясының қорытындысы бойынша 84 қала тұрғынына заңгерлік кеңес берілді. Шымкентте мұндай құқықтық акциялардың ұйымдастырылуы халықтың заңдық сауаттылығын арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі болып отыр.