
Шымкент қаласындағы қалалық А.С. Пушкин атындағы әмбебап кітапханада Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мәдени-танымдық іс-шараны American Corner Shymkent орталығы ұйымдастырды. Көрме АҚШ тарихын кеңінен насихаттауға, екі ел арасындағы мәдени-ағартушылық байланысты нығайтуға бағытталды.
Жиынға Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова, АҚШ-тың Бас консулдығының қоғаммен байланыс жөніндегі бас консул орынбасары Джефф Райденур, қала тұрғындары, жастар мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Салтанатты жиында басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Ұбайдуллақызы көрменің екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті.
– Бүгінгі іс-шара АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай өткізіліп отыр. Бұл АҚШ пен Қазақстан арасындағы мәдени-ағартушылық байланысты нығайта түспек. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар жалғасатын болады, – деді ол.
Ал, АҚШ консулдығының Қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі Джефф Райденур екі ел арасындағы әріптестіктің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын жеткізді.
– АҚШ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толды. Осы уақыт ішінде берік стратегиялық әріптестік пен жан-жақты байланыс қалыптасты. Соның арқасында, А.С. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада American Corner орталығы ашылып, бүгінгідей мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіліп келеді. Біз бұған өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта да байланысымыз одан әрі нығая түседі деп сенемін, – деді ол.
Ресми бөлімнен кейін қонақтарға арнайы мәдени бағдарлама ұсынылды. Ерікті Мереке Пернебай мен Зере Нұртаева қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, домбырамен күй тартты.
Одан кейін қонақтарға көрменің негізгі бөлімдері таныстырылды. Алғашқы бөлімде Америка Құрама Штаттарының негізін қалаушы қайраткерлеріне арналған материалдар ұсынылды. Мұнда Томас Джефферсон, Бенджамин Франклин, Джон Адамс, Джеймс Мэдисон секілді тарихи тұлғалардың портреттері мен олардың мемлекет құрудағы еңбегі туралы мәліметтер қойылған.
Екінші бөлім Америка революциясы кезеңінде маңызды рөл атқарған әйелдерге арналды. Экспозицияда олардың тәуелсіздік қозғалысын қолдауы, қоғамдық өмірге араласуы, отбасын және шаруашылығын басқарудағы еңбегі көрсетілген.
Үшінші бөлімде Америка тәуелсіздігіне алып келген негізгі тарихи оқиғалар қамтылды. Онда революцияның себептері, Тәуелсіздік декларациясының қабылдануы, тәуелсіздік жолындағы күрестің кезеңдері, АҚШ Конституциясының қабылдануы және мемлекеттік институттардың қалыптасуы туралы мәліметтер ұсынылған.
Айта кетейік, бұндай ақпараттық көшпелі көрме кітапханада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде өткен көрме ендігі кезекте Алматы қаласына жол тартады. Шымкенттіктер көрмені 31 шілдеге дейін тамашалай алады.
Жиын соңында қатысушылар көрмені аралап, тарихи фотосуреттермен, архивтік материалдармен және арнайы дайындалған ақпараттық стендтермен танысты.