ШЫМКЕНТТЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ КҮШЕЙІП, ӘДІЛЕТ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

ШЫМКЕНТТЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ КҮШЕЙІП, ӘДІЛЕТ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласының Әділет департаменті азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл туралы департамент басшысы Айнұр Исабекова БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Брифинг барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық өзгерістердің құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудағы маңызы атап өтілді. Адвокатура институтының Конституция деңгейінде бекітілуі азаматтардың сапалы заң көмегіне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтсе, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға арналған арнайы норманың енгізілуі шығармашылық пен инновацияны дамытуға жаңа серпін берді.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағытында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдаланған тұлғаларға қатысты 24 әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен 2,7 млн теңгеден астам айыппұл салынып, заңсыз айналымнан жалпы құны 6,1 млн теңгені құрайтын 2 092 дана контрафактілік өнім тәркіленді.

Атқарушылық іс жүргізу саласында да бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы қол қойған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша» заң сот актілерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге, атқарушылық өндірістің ашықтығын арттыруға және сот орындаушылары қызметінің тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 8 мемлекеттік және 155 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. «Робот-сот орындаушы» жүйесі арқылы биыл 15 033 іс аяқталып, 338 млн теңге өндірілді. Сонымен қатар алимент өндіру бағытында борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде 254 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

Азаматтардың өтініштерін жедел қарау және атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Тараптар кабинеті» сервисі белсенді қолданылуда. Бүгінде сервис арқылы 2 733 жолданым келіп түссе, оның 238-і қаралу үстінде. Бұл жүйе азаматтарға сот орындаушының қабылдаған шараларын онлайн бақылауға және электронды түрде өтініш жолдауға мүмкіндік береді.

Құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында бүгінде Шымкент қаласында 343 нотариус, 524 адвокат және 1 150 заң кеңесшісі халыққа қызмет көрсетуде. Азаматтар құқықтық кеңесті «Е-заң көмегі» қосымшасы, eGov порталы және өзге де онлайн сервистер арқылы ала алады. Сондай-ақ тәулік бойы кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-бот іске қосылуда.

Нотариат саласын цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында нотариустар 69 667 қызмет көрсетсе, оның 29 116-сы «Е-нотари» платформасы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылды. Осы кезеңде адвокаттар азаматтарға 6 875 құқықтық қызмет көрсетті. Электронды форматта 3 950 апостиль қою қызметі мен заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты 211 өтініш рәсімделді.

Шымкент қаласының Әділет департаменті алдағы уақытта да құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру, цифрлық сервистерді жетілдіру, сот актілерінің тиімді орындалуын қамтамасыз ету және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.