ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕ САПА МЕН АШЫҚТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕ САПА МЕН АШЫҚТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2026 жылдың І жартыжылдығында медициналық және фармацевтикалық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.

Департаменттің негізгі міндеттерінің бірі – медициналық және фармацевтикалық қызмет саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ халыққа және бизнес субъектілеріне мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету. Есепті кезеңде медициналық қызмет саласы бойынша 1 814, ал фармацевтикалық қызмет саласы бойынша 458 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде медициналық қызметті лицензиялау, мамандарға сертификат беру және өзге де рұқсат беру сипатындағы қызметтер уақытылы әрі заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылды.

Азаматтардың өтініштерін қарау бағытындағы жұмыстар да тұрақты бақылауда болды. 2026 жылдың алғашқы алты айында Департаментке барлығы 446 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 126 өтініш бойынша тексерулер жүргізілсе, 132 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Сонымен қатар көптеген азаматтарға заң талаптары бойынша түсіндірмелер беріліп, өтініштер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.

Өтініштердің басым бөлігі медициналық көмектің сапасына, дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелеріне, медициналық көмектің қолжетімділігіне және медициналық қызметті ұйымдастыруға қатысты болды. Бұл бағыттардағы мәселелерді зерделеу арқылы Денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жетілдіруге және тұрғындардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік жасалуда.

Есепті кезеңде медициналық және фармацевтикалық қызмет субъектілеріне қатысты 133 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесінде заң талаптарының сақталуына кешенді бағалау жасалып, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша нақты шаралар қабылданды. Тексеру қорытындылары бойынша құқық бұзушылық туралы 160 әкімшілік хаттама толтырылып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.

Тексерулер барысында медициналық көмек көрсету стандарттарының сақталмауы, клиникалық хаттамалар талаптарының бұзылуы, заңсыз медициналық қызмет көрсету, уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын рәсімдеу тәртібінің бұзылуы, ақылы медициналық қызмет көрсету кезінде шарттардың жасалмауы, дәрілік заттармен толық әрі уақытылы қамтамасыз етпеу және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау қағидаларының сақталмауы сияқты заң бұзушылықтар анықталды. Департамент тарапынан бұл кемшіліктерді жою және олардың қайталануына жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Фармацевтикалық қызмет сапасын арттыру бағытында халықаралық талаптарға сәйкес келетін тиісті фармацевтикалық практика стандарттарын енгізу жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде Шымкент қаласында GMP сертификатына ие 2 өндіріс орны толықтай халықаралық талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде. Сонымен қатар GDP сертификатын 38 көтерме сауда субъектісі, ал GPP сертификатын 341 дәріхана иеленген.

Айта кету керек, қалада тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында дәрілік заттармен қамтамасыз ететін 111 медициналық ұйымның 50-і GPP сертификатына ие. Бұл көрсеткіш халыққа сапалы әрі қауіпсіз фармацевтикалық қызмет көрсету деңгейінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Департаменттің басым бағыттарының бірі – дәрілік заттарды міндетті таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу. Қазақстан Республикасында 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген немесе ел аумағына әкелінген барлық дәрілік заттар міндетті түрде таңбалануда.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесіне 2 отандық өндіруші, көтерме сауда саласындағы 46 субъект (48 объект) және бөлшек сауда саласындағы 320 субъектінің 652 объектісі қосылып, дәрілік заттардың таңбалануы мен қадағалануына қатысуда.

Бұл жүйе дәрілік заттардың өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәрілік заттар айналымының ашықтығы қамтамасыз етіліп, контрафактілік және жалған өнімдердің таралуына тосқауыл қойылады. Сонымен қатар дәріханалар мен медициналық ұйымдардың таңбаланған дәрілік заттарды қабылдау және айналымнан шығару бойынша жауапкершілігі күшейіп, халыққа ұсынылатын дәрілік қамтамасыз етудің сенімділігі артып келеді.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы Шымкент қаласында медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын арттыру, мемлекеттік бақылауды жетілдіру, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және цифрлық бақылау тетіктерін енгізу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетті. Алдағы кезеңде де Департамент тұрғындарға көрсетілетін медициналық және фармацевтикалық қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, заңнаманың сақталуын бақылау және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарын жалғастырады.