ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ

30 маусым күні ҚР Конституциялық Сотында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған «Жаңа Конституция: тұрақты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Парламенттің, сот жүйесінің, адвокатураның, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, сондай-ақ, еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының 150-ден астам өкілі қатысты. Шымкент қаласының қоғам өкілдері конференцияға онлайн форматта қосылды.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енетінін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан халқының ерік-жігері елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізін қалап, құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағыттарын айқындады.

«Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Конституциялық Сот Негізгі Заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және конституциялық құндылықтарды қорғауды күшейтуге бағытталған жұмысын жалғастырады. Бұл Қазақстанның тарихи және құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді», – деді Э.Әзімова.

Конференцияда Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай құттықтау сөз сөйледі. Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова бейне үндеу арқылы қатысушыларға ізгі тілектерін жолдады.

Конференция барысында жаңа Конституцияның құқықтық жүйені дамытудағы және конституциялық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлі, сот төрелігінің қолжетімділігі, заңнаманы жетілдіру, адам құқықтарын қорғау, цифрлық құқықтарды дамыту, құқықтық мәдениетті арттыру және азаматтардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына ғылыми түсіндірме әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Еліміздің жетекші ғалымдары, жоғары оқу орындарының өкілдері мен сарапшылар баяндама жасады. Техас университетінің профессоры Ричард Альберт пен Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль бейне үндеулерінде Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңызын жоғары бағалады.

Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі – Үкіметтің «Инклюзивті қоғамға арналған Конституция» бастамасы аясында әзірленген Қазақстан Республикасы Конституциясының Брайль қарпімен басылған нұсқасының таныстырылымы болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған пошта маркасын арнайы рәсіммен айналымға енгізу салтанаты өтті.

Айта кету керек, жаңа Конституция мемлекеттің одан әрі дамуының іргелі қағидаттарын бекітіп, заң үстемдігін нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және Қазақстанның тұрақты дамуына берік институционалдық әрі құқықтық негіз қалыптастырады.