ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде балаларға қатысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесі өзекті бола түседі. Осыған байланысты, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен халық көп жиналатын «Наурыз» алаңында «Қауіпсіз балалық шақ аумағы: ашық терезелерден сақ болыңыз, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз, отпен ойнамаңыз» атты кең ауқымды профилактикалық акция өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезінде балалардың қатысуымен болатын төтенше жағдайлардың алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Акцияға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен ASAA ұйымының еріктілері қатысып, 6 техника жұмылдырылды.

Акция барысында алаңға көптеп жиналған тұрғындарға тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, өрт сөндіру және құтқару техникалары, арнайы құрал-жабдықтар таныстырылды. Балалар мен ата-аналарға қауіпсіздік құрылғыларының қолданылу тәртібі көрсетілді. Балалардың назарын аудару үшін танымдық ойындар мен викториналық сұрақтар ұйымдастырылды.

Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Шәріптің айтуынша, жыл сайын балалардың терезеден құлауы, суға кетуі және отпен ойнауы салдарынан қайғылы жағдайлар тіркеледі. Осы жылдың басынан бері еліміз бойынша балалардың терезеден құлауына қатысты 91 жағдай тіркелсе, оның төртеуі Шымкент қаласында орын алған. Оның екеуі жарақат алумен аяқталса, өкінішке қарай, екі жағдайда балалардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Осыған байланысты, құтқарушылар ата-аналарға балаларды ашық терезесі бар бөлмеде қараусыз қалдырмауды, терезе маңына жиһаз қоймауды, терезеге орнатылатын қорғаныш торына сенбеуді және арнайы қауіпсіздік бекіткішін орнатуды ұсынды. Мамандар қарапайым қауіпсіздік құрылғыларының өзі қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектесетінін ерекше атап өтті.

Шара аясында төтеншеліктер судағы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударды. Құтқарушылар тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылуға шақырды. Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында суға түсуге рұқсат етілген үш орын белгіленген. Олар – Тоғыс су қоймасындағы «Райский пляж» демалыс орны, Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» демалыс орны және Қошқар ата өзенінің бастауы. Сонымен қатар, мамандар балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға, бейтаныс жерлерге шомылмауға және су көліктерін пайдаланған кезде міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюге шақырды. Мамандар құр сөзбен айтып қана қоймай, судағы төтенше жағдайларда қолданылатын құтқару құралдарын тұрғындарға көрсетіп, алғашқы әрекет ету тәсілдерін түсіндірді.

Өрт қауіпсіздігі бойынша да түсіндірме жұмысы жүргізілді. Балаларға сіріңке мен оттықтың қауіптілігі, электр құрылғыларын дұрыс пайдалану және өрт немесе түтін байқалған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, мамандар телефонды қуаттау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың кесірінен өрт шығуы мүмкін екенін ескертті.

Іс-шара соңында жиналған тұрғындар арасында «Қауіпсіздік білгірлері» атты викторина ұйымдастырылып, ақпараттық жадынамалар таратылды. Мамандардың айтуынша, балалардың қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналар мен қоғамның ортақ міндеті.