
Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда қаладағы аудандарда атқарылған жұмыстар, азаматтық қорғаныс саласы және тұрғын үй мәселелері талқыланды. Жиында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының, тұрғын үй басқармасының атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Алдымен Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Сәменбекұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 38 балалар ойын алаңшасы және 2 спорт алаңша салу жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл аталған жоба аясында 45 аулаға абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда 7 аулада жұмыстар басталған. Таяуда ғана Текесу тұрғын алабында жаңа Мәдениет үйі ашылған болатын.
Кеңес мүшелері атқарылған жұмыстарды оң бағалап, бірқатар мәселелерді назарға алды. Айталық, 17 шағынауданында гүлзарда жүргізушілер жолға таласатынын, көше тар екенін жеткізді. Одан бөлек, кейбір базарлар маңында әлі де ретсіз сауда орындары бар екенін айтты.
Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қайрат Бекбауов шаһардағы жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. Шымкент қаласында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері мен ірі кәсіпорындарда, көппәтерлі үйлерде, сондай-ақ, адам көп жүретін өзге орындарда 2026 жылдың 5 айында 496 сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілген. Аталған оқу-жаттығуларға барлығы 148 800 адам (оқушыларды қоса алғанда) және әр түрлі мақсаттағы 2400 техника тартылған.
Қоғамдық кеңес мүшелері төтенше жағдай болған кездегі паналау орындарының дайындығы, ол орындарды көпшілік білуі тиіс екенін айтты. Суқоймалардың жағдайы да үнемі назарда болуы тиіс.
Сондай-ақ, жиында тұрғын үй басқармасы тарапынан орындалған жұмыстар және ондағы мәселелер талқыға түсті.
Қазіргі таңда мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысын бақылау, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік үйлерде мүгедектігі бар азаматтардың бірқатар жеке өтініштері ескерілу тиістігі жөнінде мәселелер көтерілді. Кеңес мүшелері саладағы өзекті мәселелерді шешу бойынша бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.