ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ: ҚАЛАДА АУҚЫМДЫ САЯБАҚТАР МЕН ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫНЫҢ САНЫ АРТУДА

ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ: ҚАЛАДА АУҚЫМДЫ САЯБАҚТАР МЕН ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫНЫҢ САНЫ АРТУДА

Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, жасыл аймақтарды көбейту және заманауи қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала күніне орай мегаполисте бірқатар ірі саябақтар мен демалыс орындары пайдалануға беріліп, шаһардың жаңа сәулеттік келбетін айқындайтын маңызды нысандар ашылды.

Солардың бірі – бұрынғы қоқыс полигоны аумағында орналасқан 45 гектарлық Экопарк. 2024 жылдың қазан айында басталған жоба нәтижесінде ұзақ жылдар бойы тұрмыстық қалдықтар орны болған аумақ толық жаңғыртылып, тұрғындардың демалысына, спортпен шұғылдануына және отбасылық уақыт өткізуіне арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналды.

Экопарк аумағында жасанды су айдыны, жаяу жүргіншілер жолдары, қарау алаңдары, демалыс орындары мен шағын сәулеттік нысандар салынды. Сонымен қатар, саябақты көгалдандыру жұмыстары аясында 5 мыңнан астам ағаш пен бұта егілді. Бұл нысан қаланың экологиялық инфрақұрылымын дамытуға және жасыл қорын арттыруға елеулі үлес қосады.

Қаладағы тағы бір маңызды жоба – бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының орнына салынған City Park. Аумағы 4,89 гектарды құрайтын жаңа кеңістік қысқа мерзім ішінде толық жаңартылып, тұрғындар үшін қолжетімді әрі жайлы демалыс орнына айналды.

Саябақта шығармашылық аймақтар, ашық амфитеатр, спорт алаңдары, жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны, серуендеу жолдары және мәдени іс-шаралар өткізуге арналған орындар қарастырылған. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталуы. Мұнда барлық тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай жасалған.

Сонымен қатар, Шымкентте халықаралық деңгейдегі Жапон саябағы ашылды. Бұрынғы «Кең баба» саябағының орнына бой көтерген 2,3 гектар аумақтағы жаңа қоғамдық кеңістік табиғат пен заманауи инфрақұрылымды үйлестіретін ерекше жоба ретінде жүзеге асырылды.
Саябақ тұжырымдамасы жапон мәдениетіндегі табиғатпен үйлесім қағидатына негізделген. Мұнда сакура аллеялары, тас бақтары, су айдындары, демалыс орындары, серуен жолдары және көркем аймақтар орналасқан. Жобаның сәулеттік және ландшафтық шешімдері халықаралық деңгейде бағаланып, «Urban Parks and Placemaking – Landscape» номинациясы бойынша International Excellence Awards 2026 сыйлығының алтын жүлдесіне ие болды.

Бұдан бөлек, Shymkent City шағынауданында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Аумағы 4,2 гектарды құрайтын бұл нысан тұрғындардың серуендеуіне, спортпен айналысуына және мәдени іс-шараларға қатысуына арналған заманауи кеңістік ретінде қалыптасты.
Саябақ аумағында демалыс аймақтары, жаяу жүргіншілер жолдары, көркем нысандар және жасыл желектер орналасқан. Ерекше назар аударылған нысандардың қатарында қазақ мемлекеттілігінің тарихын бейнелейтін «Qazaq Eli» барельефі мен ұлттық құндылықтарды танытатын «Глобус» арт-нысаны бар.

Бүгінде Шымкентте қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, көгалдандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа саябақтар мен экологиялық аумақтардың ашылуы – қаланың жасыл келбетін қалыптастыруға, жайлы орта құруға және мегаполистің тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам.

Шымкенттің жаңа демалыс орындары тұрғындар мен қала қонақтары үшін тартымды орталықтарға айналып, заманауи, жасыл әрі өмір сүруге қолайлы мегаполис қалыптастыру жолындағы жұмыстардың нәтижесін көрсетіп отыр.