
23 маусым — мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Қазақстан Республикасының Конституциясы: заң үстемдігі, тиімді мемлекеттік басқару және азаматтық қоғам» тақырыбында жиын өтті. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Шымкент қаласының Әділет департаменті, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, азаматтық қоғам институттары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Конституцияның мемлекеттік қызмет жүйесіндегі рөлі, мемлекеттік басқарудағы конституциялық қағидаттарды іске асыру тетіктері, заңнамалық өзгерістердің маңызы, отбасы институтын нығайтудағы конституциялық құндылықтар және жастардың мемлекеттік басқару мен азаматтық қоғамды дамытуға қатысу мәселелері талқыланды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков мемлекеттік қызметтегі заңдылық пен кәсібиліктің негізі ретінде Конституцияның маңыздылығына тоқталды. 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң күшіне енбек. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді толық цифрландыру, мамандарды іріктеуде адами факторларды болдырмау, мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі өзекті боп тұр. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет туралы заңды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Басқосуда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушысы Атахожа Исмаилов құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы конституциялық құндылықтардың рөлі туралы баяндама жасады. Ал, Шымкент қаласының ASAA жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Данара Саранова жастардың мемлекеттік басқару мен азаматтық қоғамды дамытуға қатысу тәжірибесі мен жаңа мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Конституцияның заң үстемдігін қамтамасыз етудегі, тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастырудағы және азаматтық қоғамды дамытудағы маңызы ерекше екендігі атап өтілді. Жиын соңында бірқатар мемлекеттік қызметшілер Алғыс хаттармен марапатталды.