БОКСШЫ НҰРЖАН ҚОСМАМБЕТОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

БОКСШЫ НҰРЖАН ҚОСМАМБЕТОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

Шымкентте КСРО спорт шебері, боксшы Нұржан Қосмамбетовті еске алуға арналған бокс турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, алғашқы жекпе-жектер басталды. Турнир Қазақстан Республикасы Кубогының бағдарламасына енгізілген. Рингке 2011 жылы туған 350-ден астам спортшы шығады.

«Шымкент» кәсіби бокс клубында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Нұржан Қосмамбетовті еске алуға арналған Қазақстан Республикасы Кубогы өтуде. Нұржан Қосмамбетов – өңірлік, республикалық, одақтық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Бұл жарыстар жас спортшыларды даярлауға арналған тамаша алаң болып табылады.

Турнирге еліміздің барлық 20 өңірінен келген боксшылар қатысуда. Қазақстан Кубогы жас спортшыларға өз шеберліктерін шыңдап, жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындалуға үлкен мүмкіндік береді. Осындай турнирлерде тәжірибе жинаған жас былғары қолғап шеберлерінің арасынан болашақ чемпиондар өсіп шығып, әртүрлі деңгейдегі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайтын болады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болады.

– Қазақстанның барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан келген 20 команда қатысып жатыр. Барлығы 2011 жылы туған 350 спортшы бақ сынауда. Бұл жарыстың ерекшелігі – қазіргі уақытта айқын фавориттер жоқ. Осы жарыстың жеңімпаздары жыл соңында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Турнир спортшылардың дайындығын тексеруге арналған жақсы алаң саналады. Жарыстан кейін оқу-жаттығу жиындары өтеді. Сол жиындар спортшылардың бір реттік жарысқа ғана емес, ұзақ мерзімді дайындық процесіне қаншалықты әзір екенін көрсетеді, – деді Қазақстан бокс федерациясының төрешілер алқасының төрағасы, жарыстың бас төрешісі Дінмұхамед Абайхан.