
Шымкент қалалық арнайы кітапханасында халқымыздың рухани-мәдени мұрасын насихаттау мақсатында «Қожа Ахмет Яссауи – түркі әлемінің ұлы рухани тұлғасы» атты танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында оқырмандарға ұлы ойшыл, ақын және сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен шығармашылығы, оның түркі халықтарының рухани дүниесіндегі орны туралы жан-жақты мәліметтер берілді. Сонымен қатар қатысушылар Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің тарихымен, сәулеттік ерекшеліктерімен және мәдени маңызымен танысты.
Кездесу барысында кесененің XIV ғасырда тұрғызылған бірегей тарихи-мәдени ескерткіш екендігі, сондай-ақ 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілгені туралы деректер ұсынылды. Іс-шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен мұрасына арналған әдебиеттер мен тарихи деректерге шолу жасалды.
Танымдық кездесудің негізгі мақсаты – оқырмандардың туған тарихқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи-мәдени мұраларға құрмет сезімін қалыптастыру және Қожа Ахмет Яссауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау.