
Шымкент қаласында жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен ең жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар жиналды.
Байрақты бәсекеге Қазақстанның 17 өңірінен 35 команда қатысып отыр. Бірнеше күн бойы 451 жас жүзуші өзара мықтыны анықтайды. Чемпионатқа 2014 жылы туған және одан да жас спортшылар қатысып жатыр.
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, бұл жарыс тек жеңімпаздарды анықтауды ғана көздемейді.
– Бұл дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Осындай жарыстар арқылы болашақта Қазақстанның намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғайтын талантты жүзушілер қалыптасады, – деді ол.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде өтті. Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген командалар көпшілікке таныстырылды.
Іс-шараға жүзу спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Андрей Гершевич, Шымкент қалалық жүзу федерациясының құрметті төрағасы Евгений Яворский және Л.Тәжібаева атындағы №4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ербол Тұңғатаров қатысты.
Жүзу спортының ардагерлері мен сала мамандары жас спортшыларға сәттілік тілеп, әділ бәсекеде өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге шақырды.
Шымкент төрінде өтіп жатқан ел чемпионаты жас дарындардың қарымын байқап, келешек чемпиондардың есімін тануға мүмкіндік беретін маңызды спорттық алаңға айналмақ.