ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРЫП, ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРЫП, ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде аумағы 22 800 гектарды құрайтын ауданда 230 мыңнан астам халық тұрады. Аудан құрамында 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан бар.

Қазіргі таңда ауданның негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтқанда, ауыз сумен қамту көрсеткіші – 97%, электр жарығымен – 99,8%, табиғи газбен – 97%, асфальт жолмен – 96,5%-ға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес бекітілген «Жол картасы» аясында кезең-кезеңімен атқарылуда.

Ауыз сумен қамту бойынша 2025 жылдың қорытындысымен халық тығыз орналасқан аумақтар толық қамтылып, қосымша елді мекендерде жаңа су құбыры желілерін тарту жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар жобалар мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаржы қарастырылған.

Табиғи газбен қамтамасыз ету саласында да нәтижелі жұмыстар бар. Жалын, Жұлдыз тұрғын алаптары мен бірнеше жаңақұрылыс аумақтарында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, абоненттеу жүргізілді. Сонымен қатар, «Достық», «Қазығұрт» станциясы маңындағы және Оңтүстік-Жаңақұрылыс аумақтарын газдандыру бойынша жобалық құжаттар әзірленуде.

Электр желілерін жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ескірген желілер жаңартылып, трансформаторлар ауыстырылуда. Биылдың өзінде ондаған шақырым электр желісі жаңартылып, бірнеше тұрғын алапта жаңа инфрақұрылым іске қосылды.

Кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларда жаңа жүйелер тартылуда. Базарқақпа тұрғын алабында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, магистралды жүйелер кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Жол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Аудандағы 728 көше мен өткелдің басым бөлігі асфальтталған. 2025 жылы 195 көшеге асфальт төселсе, биыл тағы 29 көшені асфальттау жоспарланған. Сонымен қатар, ішкі орам көшелеріндегі тозған жол жабындылары жаңартылуда.
Жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аяқжол салу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Былтыр 27 көше жаңа аяқжолмен қамтылса, биыл тағы 30 көшеде бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынған.

Су басу қаупінің алдын алу үшін ирригациялық арықтар орнатылып, қауіпті аймақтарда тұрақты мониторинг жүргізілуде. Соңғы үш жылда ондаған шақырым ирригациялық жүйе салынды.

Ауданды жарықтандыру көрсеткіші де артып келеді. Соңғы екі жылда жүздеген көшеге жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы қозғалысына жағдай жасалды.

Сонымен қатар, Еңбекші ауданында абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында балалар ойын алаңшалары, спорт алаңдары мен қоғамдық кеңістіктер салынуда. Биыл 39 жобаны іске асыру жоспарланып, олардың бірқатары бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жаңа спорт алаңшалары орнатылып, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар, аудан аумағында жаңа гүлзарлар мен демалыс орындары көбейіп келеді.

Жалпы, Еңбекші ауданында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, аудан инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған.