ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС БАСТАМАСЫМЕН ДЕНДРОСАЯБАҚТА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС БАСТАМАСЫМЕН ДЕНДРОСАЯБАҚТА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы Қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен қаладағы Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябақ аумағында ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – дендросаябақтағы санитарлық тазалықты сақтау, көпжылдық ағаштарды қорғау және жасыл аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту.

Сенбілік барысында саябақ аумағы тазартылып, қураған бұталар мен жабайы өскіндерді кесу, қоқыстарды жинау жұмыстары жүргізілді. Мамандардың айтуынша, бақылаусыз өскен жабайы бұталар мен жас өскіндер көпжылдық ағаштардың қалыпты өсіп-өнуіне кедергі келтіріп, ауа айналымын тежейді. Соның салдарынан ағаштардың қурау қаупі артып отыр.

Жалпы аумағы 117 гектарды құрайтын дендросаябақтың шамамен 100 гектары санитарлық тазарту жұмыстарын қажет етеді. Осыған байланысты Қоғамдық кеңес мүшелері саябақ әкімшілігімен бірлесіп, арнайы техникалардың көмегімен күрделі аумақтарды тазарту жұмыстарын қолға алды. Нәтижесінде бір күн ішінде шамамен екі гектар жер санитарлық тазалаудан өтті.

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің өкілі Бұхарбай Пармановтың сөзінше, бұл бастама қаладағы жасыл желекті сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам.