ШЫМКЕНТТЕ СТУДЕНТ ЖАСТАРМЕН АШЫҚ ФОРМАТТАҒЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ СТУДЕНТ ЖАСТАРМЕН АШЫҚ ФОРМАТТАҒЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті базасында жастар арасында нашақорлықтың, лудоманияның және суицидтің алдын алуға арналған кең ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Арнайы жоба аясында өткен кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері, нарколог мамандар, психологтар мен студент жастар қатысты.

Кездесу М. Әуезов атындағы ОҚУ қабырғасында өткеніне қарамастан, шараға Шымкент қаласындағы барлық жоғары оқу орындарының студенттері тартылды. Бұл туралы «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сабира Байзақова мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоба жалпы қалалық деңгейде жүзеге асырылып, өскелең ұрпақ арасындағы суицид, нашақорлық және ойынға тәуелділік секілді өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған.

– Бүгін біз Шымкенттегі тоғыз жоғары оқу орнының студенттерін бір алаңға жинадық. Жобаның басты мақсаты – мектеп оқушыларымен, колледж және университет студенттерімен ашық әрі шынайы диалог орнату. Жастар арасында зиянды әдеттер мен деструктивті мінез-құлықтың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды, – деді Сабира Байзақова.