ЖАСТАР ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН АУЛАҚ ЖҮРУІ ТИІС

ЖАСТАР ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН АУЛАҚ ЖҮРУІ ТИІС

Қаладағы политехникалық колледжде жастар арасында зиянды әдеттердің, нашақорлық пен ойынқұмарлықтың, суицидтің алдын алу бойынша кездесу іс-шарасы өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған жиында Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Қарбеков, отбасы психологы, педагогика ғылымдарының магистрі Ұлбосын Жүсіпова есірткі қылмысының зияны мен зардаптары, ойынқұмарлыққа тәуелділіктің салдары жөнінде баяндама жасап, жастармен еркін сұқбат құрды.

Колледждің бірінші курс шәкірттері қатысқан жиында есірткі және нашақорлық ұғымдары түсіндіріліп, жастарды салауатты өмір салтына шақыру, білімге ұмтылу жөнінде тағылымды ойлар айтылды.
Қазіргі таңда есірткі қылмысының жауапкершілігі қатаңдатылған. Жастар қатаң жауапкершілікті білуі тиіс. Жиында Бауыржан Қарбеков нашақорлықтың алдын алу шаралары туралы мәлімет беріп, есірткінің қоғамға зиянын түсіндірді. Қоғамдағы түрлі құқықбұзушылықтардан алыс жүріп, жастарды еліне адал қызмет етуге, ата-ананың үмітін ақтауға шақырды.
Полиция департаментінің мәліметінше, биыл қалада кәмелет жасқа толмаған 10 бала есірткі қылмысымен ұсталып, жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар, отбасы психологы Ұ.Жүсіпова жастарға зиянды заттарға тәуелділік туралы айтып берді. Ойынқұмарлықтан, тәуелділіктен алыс жүру керектігі жөнінде құнды кеңестерімен бөлісті. Жастар да көкейдегі сауалдарын қойып, өзекті тақырыптағы жиынға белсене қатысты.