
Шымкенттегі Абай саябағы бүгін достық пен татулықтың, ұлттық дәстүр мен мәдени мұраның ордасына айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары татар-башқұрт халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі «Сабантой – 2026» мерекесінде бас қосып, көпұлтты Қазақстандағы бірлік пен өзара сыйластықтың ерекше көрінісіне куә болды.
Тамыры тереңге тартқан Сабантой мерекесі еңбек пен берекені, татулық пен қуанышты ұлықтайтын рухани мереке. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан бұл думан бүгінде түрлі этностар арасындағы достықты нығайтатын, мәдениеттерді жақындастыратын маңызды рухани алаңға айналып отыр.
Мерекелік шара қонақтарды салтанатты қарсы алудан бастау алып, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Бұл – ұлттық құндылықтарға құрмет пен рухани сабақтастықтың белгісі.
Сабантой аясында қала тұрғындары татар және башқұрт халықтарының бай мәдениетімен тереңірек танысты.
Алаңда ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі, фотокөрме, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен татар халық ертегілеріне арналған сурет көрмесі ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше атмосфера сыйлады. Әрбір көрме қонақтарды түркі халықтарының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіне жақындата түсті.