
Шымкент қаласының туристік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қалада орналастыру орындарын дамыту, тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру, цифрлық туристік жобаларды іске асыру және жаңа туристік инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, биыл қалада 4 жаңа қонақ үй («Grand Altyn» Hotel, «Алатау», «Ихлас», «Silver Hotel») ашылып, тағы 9 қонақ үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада жалпы 162 орналастыру орны туристерге қызмет көрсетуде.
Тарихи-мәдени туризмді дамыту бағытында Сайрам аумағындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері мен Хызыр мұнарасы абаттандырылып, инженерлік және санитарлық инфрақұрылымы жаңартылды. Алдағы уақытта Мірәлі баб, Әбділ Әзіз баб және Қожа Салық нысандарында абаттандыру жұмыстары жалғасады.
Цифрлық туризмді дамыту шеңберінде QR-маршрут жүйесі мен жасанды интеллект негізіндегі онлайн гид жобасы іске асырылуда. Бұл жобалар туристерге қаланың көрікті жерлері туралы жедел ақпарат алуға және ыңғайлы маршруттар құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, этноауыл аумағын жаңғырту, «Omir Shymkent» жобасын іске асыру, гастроорталық пен падл орталығын салу секілді жаңа туристік нысандарды дамыту жоспарлануда.
Алдағы уақытта туризм саласын дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.