
Ел тарихының ең қастерлі беттері Отан үшін от кешкен батырлардың ерлігімен жазылған. Бейбіт күннің бағасын ұғындыратын осындай тағылымды сәттер ұрпақ санасында жаңғырып, отансүйгіштік рухты нығайта түседі. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Батырлық – елге мұра» атты ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
№2 Оқушылар сарайының алдыңғы алаңында өткен шара Ұлы Жеңістің 81 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, тарихи жадыны жаңғырту және ел қорғаған батырлардың ерлігін ұлықтау.
Мерекелік бағдарлама салтанатты саптық шерумен басталды. Шеруге №2 Оқушылар сарайының «Жас барабаншылар» үйірмесінің тәрбиеленушілері, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қарасты Сабыр Рахимов атындағы әскери колледжі ұландары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы тыңдаушылары және 36814 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Сап түзеген сарбаздардың нық қадамы мен тәртібі ел сүйсіндірді. Бұл көрініс ел қорғандарының айбынын айқындап, жас ұрпаққа үлгі болды. Арнайы шақырылған құрметті қонақтар сөз сөйлеп, батырлар ерлігінің маңызын атап өтті. Олар бейбіт өмірдің оңайлықпен келмегенін айтып, ел тыныштығын сақтау әр азаматтың парызы екенін жеткізді.
Іс-шара аясында патриоттық әндер мен би қойылымдары ұсынылып, әскери-патриоттық көріністер көрсетілді. Сонымен қатар, қоян-қолтық ұрыс элементтері мен қару қолдану тәсілдері таныстырылды. Келушілер үшін әскери киім үлгілері мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылған.