“АЙБЫН-2026” ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ САЙЫСЫ БАСТАЛДЫ

“АЙБЫН-2026” ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ САЙЫСЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен “Ақтас” оқу орталығының базасында техникалық, кәсіптік және орта білім беру мекемемелері арасында «Айбын» әскери-патриоттық сайысы өтуде. 5-6 мамыр аралығына жоспарланған дәстүрлі сайыс жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған.

Биылғы әскери-патриоттық жарысқа қаладағы 16 колледжден 100 шәкірт қатысып жатыр. Іс-шараның мақсаты – жастардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне деген оң көзқарасын қалыптастыру, олардың дене дайындығын арттыру және әскери-қолданбалы дағдыларын жетілдіру.
Сонымен қатар, сайыс өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сана, жауапкершілік және тәртіптілік қасиеттерін дамытуға бағытталған.
Қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Азамат Парманов сайысты ашып беріп, жиынның маңызына тоқталып өтті.

– Дәстүрге айналған «Айбын-2026» сайысы – жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеудің заманауи форматы. Ол тек спорттық жарыс емес, сонымен қатар, жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға, елге қызмет етуге деген құштарлығын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Жылдан жылға қатысушылар саны да артып келеді. Командаларға сәттілік тілейміз, – деді басқарма басшысы.