
Бүгін Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық ашық турнир өз бастауын алды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар қатысып, өз шеберліктері мен жеңіске деген ұмтылыстарын көрсетуде.
Турнир 2009–2010 және 2011–2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында өтуде. Бұл жарыс балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына серпін беріп, дзюдоны кеңінен насихаттауға және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жарыс Қазиев көшесінде орналасқан жеңіл атлетика спорт кешенінде өтуде. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кешен жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға, сондай-ақ қатысушылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир үздік спортшыларды анықтауға, жаттықтырушылар мен жас дзюдошылар арасында тәжірибе алмасуға жол ашады.
Барша қала тұрғындары мен қонақтары спортшыларға қолдау білдіруде.