ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРМЕН ТӘРБИЕЛЕЙТІН МЕКТЕП

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРМЕН ТӘРБИЕЛЕЙТІН МЕКТЕП

Шымкенттегі қосалқы мектеп-интернаттың жұмыс істеп келе жатқанына келесі жылы 50 жыл толады. Осы жылдар аралығында мұнда білім алатын ерекше балаларға білім мен тәрбие беруде талай әдістемелік бағдарламалар негізге алынғаны жасырын емес. Десе де соңғы он жылда мектеп ұлттық құндылықтарды басшылыққа алып отыр. Балаларға қазақтың салт-дәстүріне негізделген тәрбие берілуде. Мектеп ұжымының айтуынша нәтижесі жаман емес.

– Біз асық ойнауды, киіз басуды, түрлі тоқыма бұйымдарын жасауды үйрету арқылы ұлттық және адамзаттық құндылықтарды баланың бойына сіңірудеміз. Бұл ерекше балалардың бойында жиі кезедесетін белсенді күш-жігерді дұрыс бағытқа бейімдеуге септігін тигізуде,- дейді мектеп-интернаттың директоры Нартай Шорабек.
Бүгінгі таңда мұнда 130 бала тәрбиеленуде. Олар дефектолог, сурдопедагог, лагопед мамандардың жіті бақылауында. Қолөнер бұйымдарын жасауға машықтандыру арқылы баланың ойлау қабілетін арттыруға, түйсігін дамытуға үлес қосып жүрген білікті мамандардың еңбек өтілінің ең азы 20-25 жыл. Тиісінше тәжірибелі мамандар ерекше балалардың қарым-қабілеттерін оятуда, дамытуда біліктіліктерін өзгелерге дәлелдей алған ұжым.


Мектептің бұл жетістігін өзгелерге үлгі-өнеге етуді мақсат тұтқандықтан да болар қалалық білім басқармасының ұйытқы болуымен бүгін аталмыш Қосалқы мектеп-интернатында «Әр бала дана, дара» атты қалалық семинар өтуде. Оған Шымкенттегі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мектептердің мұғалімдері қатысуда. Айта кету керек, қалада мұндай білім беретін мемлекеттік 5 мектеп бар.