
Шымкент қаласы инвестициялық белсенділіктің тұрақты өсімін көрсетіп, Қазақстандағы жетекші индустриялық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Қаланың дамуының негізгі қозғаушы күші – жеке капитал ағыны мен өнеркәсіп саласында ірі жобалардың жүзеге асырылуы.
Қалада «Оңтүстік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтары және «Standard» жеке индустриялық аймағы қалыптасқан. Бұл алаңдар бүгінде инвесторлар үшін негізгі тартым орталықтарына айналды. Мұнда жүздеген миллиард теңгені құрайтын инвестициялармен ондаған жоба іске асырылуда. Жобалардың елеулі бөлігі пайдалануға беріліп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қаланың экономикалық дамуына нақты үлес қосуда.
Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған ірі инвестициялық жобалар шоғырланған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ерекше маңызға ие. Сауда-логистикалық орталықтар мен көлік инфрақұрылымының дамуы қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, тиімді өндірістік кластердің қалыптасуына ықпал етуде.
Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Турмановтың айтуынша, индустриялық аумақтарды кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Атап айтқанда, «Жұлдыз» индустриялық аймағы дамытылып, «Оңтүстік» АЭА жаңғыртылуда, сондай-ақ металлургия саласын дамытуға бағытталған «Темір» жаңа индустриялық аймағын құру жұмыстары басталған.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қала экономикасына 111 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның негізгі үлесін жеке инвестициялар құрайды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де оң динамиканы сақтап отыр.
2030 жылға дейін Шымкентте жалпы құны 4,46 трлн теңгені құрайтын 164 инвестициялық жобадан тұратын ауқымды портфель қалыптастырылған. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда қалада Түркия, Қытай және Еуропа елдерінің инвесторларының қатысуымен мұнай-химия, энергетика, құрылыс материалдарын өндіру және агроөнеркәсіп кешені салаларында ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Қаланың тұрақты экономикалық өсімінде шағын және орта бизнес те маңызды рөл атқарады. Бұл сектордың үлесі өңірлік жалпы өнімнің едәуір бөлігін қамтиды. Мемлекеттік қолдау шаралары мен шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту инвестиция тартуға және жаңа өндірістерді іске қосуға қосымша мүмкіндік беруде.
Жалпы алғанда, Шымкентте инфрақұрылым, өнеркәсіп және кәсіпкерлік салалары өзара үйлесімді дамып, инвестицияға қолайлы экожүйе қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде қаланың ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз етеді.