ҚАЛА ӘКІМІ «ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ» МЕН «ПАНОРАМА ШЫМКЕНТА» ГАЗЕТТЕРІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚАЛА ӘКІМІ «ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ» МЕН «ПАНОРАМА ШЫМКЕНТА» ГАЗЕТТЕРІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-іне қарасты «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері редакциясының жаңа ғимаратында болып, шығармашылық ұжымның жұмыс жағдайымен танысты.

Айта кетейік, қала өмірінің маңызды жаңалықтарын тұрғындарға тұрақты түрде жеткізіп келе жатқан қос басылымның осы уақытқа дейін жеке ғимараты болмаған. 2025 жылы газеттің 35 жылдығы аясында қала әкімі жауапты сала басшыларына редакцияны заманауи әрі қолайлы ғимаратпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген болатын. Нәтижесінде, 2026 жылдың наурыз айында редакция ұжымына жаңа ғимарат пайдалануға берілді.

Кездесу барысында қала әкімі журналистердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, тұрғындарға тексерілген әрі шынайы ақпаратты жедел жеткізудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігіне назар аударып, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.

Жаңа екі қабатты ғимаратта төрт жұмыс кабинеті мен екі кең холл қарастырылған. Мұнда қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған: заманауи жиһазбен және қажетті кеңсе техникасымен толық жабдықталған. Сонымен қатар, ғимарат жеке жылыту қазандығымен, орталықтандырылған су және кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Нысанның барлық техникалық жұмыстары демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап жарық көріп келеді. Әр жылдары басылымдарды белгілі журналистер басқарған.

Бүгінде қос газеттің жалпы таралымы 10 000 дананы құрайды. Сонымен қатар, шығармашылық ұжым shymkala.kz сайты мен shymkentaqparat.kz ақпараттық порталы арқылы еліміздегі және қаладағы өзекті жаңалықтарды тұрақты түрде жариялап келеді.