ШЫМКЕНТ: МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП, КӨРЕРМЕН БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТТЫ

ШЫМКЕНТ: МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП, КӨРЕРМЕН БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТТЫ

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының 2026 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмысы қорытындыланды. Басқарма басшысы Бауыржан Орынтаевтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде мәдени-шығармашылық бағытта бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылған.

Қазіргі таңда басқармаға қарасты 22 мәдениет ұйымы халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Оның ішінде 7 театр, 6 кітапхана, концерттік ұйымдар, музейлер, цирк және өзге де мәдени нысандар бар.

Шығармашылық бағытта да оң динамика қалыптасты. Театр саласында жыл басынан бері 6 жаңа қойылым сахналанып, 286 спектакль көрерменге ұсынылды. Жалпы көрермен саны 57 мыңнан асты. Қалалық циркте 20 қойылым ұйымдастырылып, 15 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен қатар концерттік ұйымдарда ондаған мәдени іс-шара өтіп, мыңдаған көрермен жиналды.

Мәдени-көпшілік іс-шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. І тоқсанда 11 ірі мәдени және ресми іс-шара өткізіліп, 500 мыңнан астам адам қамтылды. Атап айтқанда, Алғыс айту күні мен «Наурызнама» онкүндігі аясындағы шаралар кең көлемде өтті.

Кітапхана және музей салаларында да көрсеткіштер жоғары. Кітапханаларда 600 мыңнан астам келуші тіркеліп, жүздеген іс-шара ұйымдастырылды. Музей қорлары жаңа экспонаттармен толықтырылып, көрмелер саны артты.

Жалпы алғанда, І тоқсан қорытындысы мәдениет саласының жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Жыл соңына дейін жоспарланған жобалар мен іс-шаралар өз жалғасын табады.
Соынмен қатар, архив ісі және тарихи-мәдени мұра бағыттарында атқарылған жұмыстар баяндалды. Атап айтсақ, қала аумағында тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Шымкентте 188 тарихи-мәдени нысан есепке алынған. Оның ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер мемлекеттік тізімге енгізілген. Заңсыз орнатылған нысандардың тіркелмеуі – бақылау жұмыстарының тиімділігін көрсетеді.

Салт-дәстүрді насихаттау мақсатында арнайы орталықта мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар экскурсиялар өткізіліп, мыңдаған тұрғын қамтылды. Бұл бағыт рухани құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқарады.
Тіл саясаты саласында заңнаманың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлік нысандарға ескерту беріліп, заң бұзушылықтар бойынша шаралар қабылданды. «Е-Өтініш» порталы арқылы түскен өтінімдер қаралып, бірқатар нысандардағы кемшіліктер түзетілді. Ономастика саласында да жүйелі талдау жүргізіліп, қаладағы көше атауларын реттеу жұмыстары жалғасуда.

Архив саласында цифрландыру үдерісі қарқын алды. І тоқсанда 188 мыңнан астам құжат парағы цифрлық форматқа көшірілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіштері де жоғары деңгейде орындалды.
Қорытындылай келе, тіл саясаты, архив және тарихи мұраны сақтау бағыттарында атқарылған жұмыстар қаланың рухани және мәдени дамуына негіз болып отыр. Алдағы кезеңде бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.