ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТЫҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ⁣⁣⠀

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТЫҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ⁣⁣⠀

Жеңіс саябағы алаңында Ерлік музейі ұжымының ұйымдастыруымен «Таулы Қарабақтың қаһармандары» атты тағылымды іс-шара өтті. Оның⠀басты мақсаты – ел қорғаған ерлердің ерлігін насихаттап, олардың есімдерін ұрпақ жадында мәңгі сақтау болды. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Іс-шараға Таулы Қарабақ ардагерлері, Парасат колледжі студенттері мен ұстаздары қатысты. Кездесу барысында ардагерлер өздерінің өмір жолы мен әскери тәжірибелері туралы айтып, тағылымды әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ, ҚР «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық Одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық⠀филиалы төрағасы Аманбаев Мұрат Төленбайұлы бірлестік тарапынан қаруластарының есімін ұлықтап, ерлігін насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Қақтығыста қаза тапқан қаруластарымызды еске алу мақсатында 27 мамыр күнін - соларды еске алу күні деп бекіттік. Сондай-ақ, қақтығыста қаза тапқан қазақстандық қаруластарымызды Кеңес Одағы бойынша Книга памяти кітабынан іздеп, 9 ардагерімізді тауып, олардың өмірбаянын қысқаша жазып, кітапша шығарып жатырмыз. Әлі де іздестіру жұмысы жүріп жатыр. Бұнымен қоса, Республика бойынша бір үлгіде баннерлер дайындап, ілініп жатыр. Ал, Шымкент қаласында 27 мамырға орай ілінеді деп күтілуде, – деді төраға Мұрат Аманбаев.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Шара аясында патриоттық әндер шырқалып, студенттер өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, әскери дайындық элементтері де назардан тыс қалмады. Студенттер автоматты шашып-жинау бойынша шеберліктерін сынап, өз дағдыларын көрсетті.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Кездесудің соңында төраға⠀Мұрат Аманбаев жиынға белсенді қатысқан студенттерді арнайы марапаттап, олардың елге деген құрметі мен белсенділігін жоғары бағалады.⁣⁣⠀