
Қай қоғамның да дамуы ең алдымен оның ішкі мәдениетімен, азаматтарының жауапкершілігімен өлшенеді. Сол жауапкершіліктің айқын көрінісі – тазалық. Тазалық тек қоршаған ортаның ғана емес, адамның ой-санасының, өмірлік ұстанымының айнасы. Сондықтан да Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының мәні жай ғана сенбілік өткізу емес, қоғамдық сананы жаңғырту екені тегін емес.
Президент атап өткендей, бұл бастама қала мен ауылды көркейту шеңберімен шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – азаматтарды туған жеріне жанашыр болуға, ел тағдырына бейжай қарамауға шақыру. «Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана даму болады» деген ұстаным – өркениетті қоғамның басты қағидасы. Ал осы құндылықтардың бәрі Жаңа Қазақстанның іргетасын қалаған Ата заңымызбен де сабақтасып жатыр.
Осы игі бастаманың нақты көрінісі ретінде Шымкент қаласында кешегі апта соңындағы «Таза қала» экологиялық акциясын ерекше атап өтуге болады. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл ауқымды шараға 57 мыңға жуық адам қатысып, 304 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Қаланың төрт ауданында да қызу жұмыс жүрді. Аулалар мен көшелер тазаланып, саябақтар мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Ағаштар әктеліп, көгалдар күтіп-бапталды. Бұған қоса, заңсыз қоқыс орындары жойылып, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.