ШЫМКЕНТТЕ 8 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА ТАРТЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ 8 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА ТАРТЫЛДЫ

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы Утебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2026 жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Басқарма басшысының айтуынша, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында халықты жұмыспен қамту бағыты маңызды рөл атқарады. Осы ретте 2026 жылға 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, есепті кезеңде нақты 8 179 азамат қамтылған.

Жоспарға сәйкес, 21 952 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру, кәсіпкерлікті қолдау және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шараларымен қамту көзделген. Нақты нәтижелерге тоқталсақ, кәсіпкерлікті қолдау бағытында 2 530 адамның орнына 1 033 адам қамтылса, субсидияланатын жұмыс орындарына 4 335 адамның орнына 756 адам жолданған. Ал бос жұмыс орындарына 11 427 адамның орнына 2 098 адам орналастырылған. Кәсіптік оқытуға 3 660 адам жоспарланып, нақты 2 257 адам жіберілген. Жалпы алғанда, жұмыспен қамту шараларына 6 265 адам жолданып, жоспардың орындалуы 28,5 пайызды құрады.

Сонымен қатар, қалада жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылға арналған жоспар бойынша 9 446 жаңа жұмыс орнын құру көзделсе, оның ішінде 9 086-сы тұрақты, 360-ы уақытша жұмыс орындары. Есепті кезеңде нақты 1 914 жұмыс орны ашылған.

Атап айтқанда, түрлі тұжырымдамалар аясында 2 527 жұмыс орнын құру жоспарланып, бүгінгі таңда 137 жұмыс орны ашылған. Ал жеке бастамалар есебінен 6 919 жұмыс орнын құру көзделіп, қазіргі таңда 1 777 азамат жұмыспен қамтылған. Бұл қатарға жекеменшік балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріханалар мен қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету нысандары кіреді.
Жалпы, Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.