ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАРАЛДЫ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАРАЛДЫ

Жиынды кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жүргізіп, оған кеңес мүшелері мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес бірқатар салалық басшылардың есептері тыңдалды.
Отырыста Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, сондай-ақ Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Рыскелді Әліш және қалалық Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов баяндама жасады.

Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша Департамент басшысының айтуынша, мекеме екі бөлімнен тұрып, сегіз маман қызмет атқарады. Негізгі бағыттары білім сапасын бағалау, лицензиялау, мемлекеттік бақылау, мониторинг жүргізу, балалардың құқықтарын қорғау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.
2025-2026 жылдары лицензиялау қызметі бойынша 504 өтініш тіркеліп, оның 436-сы, яғни 86 пайызы қанағаттандырылған. Ал 68 өтінішке бас тартылған. Сонымен қатар төрт жекеменшік мектеп өз еркімен лицензиясын тоқтатқан.

Құжаттарды апостильдеу қызметі де белсенді жүргізілген. Жалпы 548 өтініштің 516-сына апостиль қойылып, 32 өтініш баж салығы төленбеуіне байланысты кері қайтарылған.
Біліктілік талаптарына сәйкестік бойынша алты білім беру ұйымында тексеру жүргізіліп, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Үш ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылып, бір мектепке бір жылдық нұсқама берілген.

Қалалық Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов өз баяндамасында салаға енгізілген цифрлық шешімдердің тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа жүйелер заң бұзушылықтарды анықтап, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беруде.

Атап айтқанда, Qarqyn ақпараттық жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай мемлекеттік жүйе ретінде жұмыс істейді. Барлық деректер жергілікті серверлерде сақталып, қорғалған байланыс арналары арқылы беріледі.
Balabaqsha жүйесі арқылы 2026 жылы мектепке дейінгі ұйымдарға 76 738 орынға 48,6 млрд теңге ваучерлік қаржыландыру қарастырылған. Соңғы бір жылда 51 мыңнан астам ваучер беріліп, 51 215 бала балабақшаға қабылданған.