САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КӨРМЕ

САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КӨРМЕ

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің туғанына 80 жыл толуына орай мазмұнды әрі тағылымы терең көрме ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа өнер иесінің өмір жолын кеңінен таныстырып, оның ұлттық кино өнеріне қосқан зор үлесін насихаттау.

Көрме аясында режиссердің балалық шағынан бастап шығармашылық биіктерге жеткен кезеңдеріне дейінгі өмір жолы жүйелі түрде ұсынылды. Экспозицияда оның жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер, сирек құжаттар, фильмдерінен үзінділер мен шығармашылық қызметіне қатысты деректер қойылды. Сонымен қатар, қазақ кино өнерінің дамуына қосқан елеулі еңбегі жан-жақты түсіндірілді.

Келушілер режиссердің өмірбаянына қатысты тың деректермен танысып қана қоймай, оның шығармаларында көрініс тапқан тарихи жады, ұлттық рух, адамгершілік құндылықтар және туған жерге деген ерекше сүйіспеншілік тақырыптарына терең үңілуге мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы туындылары арқылы Сатыбалды Нарымбетов ұлттық болмысты дәріптеуде айрықша қолтаңба қалдырғаны атап өтілді.

Көрмені тамашалаған Түркістан индустриалды құрылыс колледжі студенттері үшін арнайы танымдық экскурсия ұйымдастырылып, режиссердің шығармашылық мұрасы туралы кеңінен мағлұмат берілді. Жастар өнер иесінің тұлғалық қалыптасуы, азаматтық ұстанымы мен кино саласындағы ізденістері жөнінде құнды ақпарат алды.

Мәдени іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері мұндай көрмелердің жас буынның рухани дамуына, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сатыбалды Нарымбетовтың өмірі мен шығармашылығы – бүгінгі ұрпақ үшін өнеге мен шабыт көзі екені сөзсіз.