
Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде студенттерге әскери қызметтің рөлі мен мерзімді әскери борыштың артықшылықтарын түсіндіруге арналған кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Еңбекші және Қаратау аудандары бойынша қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың инспекторы Спандиар Тоқымбаев және Қоғамдық кеңес мүшесі Саттар Қуашбай қатысып, жастармен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында әскери қызметтің қоғамдағы маңызы, азаматтарды мерзімді қызметке шақыру тәртібі және қарастырылған жеңілдіктер жан-жақты түсіндірілді.
Спикерлердің айтуынша, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты 8 әскери оқу орны бар: оның бесеуі – колледж, үшеуі – жоғары оқу орындары. Жоғары әскери оқу орындарына түсу үшін талапкерлер физика мен математика пәндерін таңдап, әрқайсысынан кемінде 7 балл жинауы тиіс. Жалпы шектік балл – 50. Оқу толықтай тегін, курсанттар жатақханамен, киім-кешекпен толық қамтамасыз етіледі.
Әскери білім алудың басты артықшылықтарының бірі – оқу аяқталғаннан кейін түлектер 5 жылдық келісімшарт негізінде әскери бөлімдерде қызмет атқарып, тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, оларға әскери шен беріледі және жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылған. Әскери қызметін жалғастырған азаматтар 45–47 жас шамасында зейнетке шығу мүмкіндігіне ие.
Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметке қатысты да маңызды мәліметтер айтылды. Атап айтқанда, борышын өтеп жүрген азаматтардың несие төлемдері уақытша тоқтатылады, ал қызметін аяқтаған жастар жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігіне ие болады.
Спикерлер заң талаптарына да тоқталып өтті. Әскери қызметтен жалтару әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Әсіресе, әскерге бармау мақсатында өз денсаулығына әдейі зиян келтіру немесе жалған медициналық құжаттар ұсыну қатаң жазаланатыны ескертілді.