АУЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН FWA ЖЕЛІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ⁣⁣⠀

АУЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН FWA ЖЕЛІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ⁣⁣⠀

Шымкентте өтіп жатқан Digital Kazakhstan- 2026 халықаралық форумы аясында ауылдық елді мекендерді Fixed Wireless Access (FWA) технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасы көрсетілді.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Жобаны жүзеге асырушы «Ауыл Телеком» ЖШС-і. Бұл жоба еліміздің шалғайдағы және экономикалық тұрғыдан жетуі қиын аймақтарында заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталып отыр.⁣⁣⠀
Тұсаукесер барысында белгілі болғанындай қазірдің өзінде 120 ауылда осы желі іске қосылған және 120 базалық станция орнатылған. Бұл жоба 67 мыңнан астам үй шаруашылығын немесе 260 мыңға жуық тұрғынды қамтып отыр. Интернеттің орташа жылдамдығы — 50–80 Мбит/с.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Ауылдарды сапалы интернетпен қамту — министрліктің басты міндеттерінің бірі. Байланыс операторларымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде FWA сияқты заманауи технологиялық шешімдер енгізілуде. Бұл шалғай ауылдарды жедел қосуға және цифрлық теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді, — деді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.⁣⁣⠀

Бүгін министрдің қатысуымен желінің символикалық түрде іске қосылуы болды. Интерактивті картадағы нүктелер белсенді күйге ауысқан соң, желіге қосылған 10 ауылдың тұрғындарымен тікелей бейнебайланыс орнатылды. Байланыс сапасының тұрақтылығы нақты уақыт режимінде дәлелденді.⁣⁣⠀

Бұрын интернет әлсіз әрі тұрақсыз болғандықтан, заманауи білім беру ресурстарын пайдалану қиын еді. Қазір біз онлайн оқып, біліктілігімізді арттыруға және оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашуға жағдай жасадық, — деді Есбол ауылының тұрғыны, жергілікті мектеп мұғалімі Абутайр Алихан.⁣⁣⠀

Осылайша Телекоммуникациялар комитеті мен «Ауыл Телеком» ЖШС арасында ауылдық аймақтарда цифрлық инфрақұрылымды одан әрі кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.⁣⁣⠀