ЭКОБЕК ПЕН ЭКОНАЙ ТАЗАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН НАСИХАТТАДЫ

ЭКОБЕК ПЕН ЭКОНАЙ ТАЗАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН НАСИХАТТАДЫ

Наурыз мейрамы аясындағы 23 наурыз – Тазару күніне орай қалада ерекше мазмұнды экологиялық акция ұйымдастырылды. Шараның басты кейіпкерлері – Экобек пен Эконай бейнелері арқылы жастар мен тұрғындарға тазалық мәдениетін қалыптастыру идеясы әсерлі түрде жеткізілді.

Акцияға белсенді жастар қатысып, қала көшелерінде тұрғындармен жүздесті. Олар қоршаған ортаны қорғау, қоқысты сұрыптау, қоғамдық орындарды таза ұстау секілді маңызды тақырыптарды қамтитын ақпараттық парақшалар таратты. Сонымен қатар, акция барысында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында тәттілер үлестіріліп, мерекелік атмосфера қалыптасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама тек бір күндік шара емес, ұзақ мерзімді экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бір бөлігі болып табылады. Экобек пен Эконай бейнелері арқылы берілген қарапайым әрі түсінікті үндеу балалардан бастап ересектерге дейін ой салуды көздейді.

Акцияның негізгі мақсаты – қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға шақыру. Осындай игі бастамалар қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттырып, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосары сөзсіз.