
Шымкент қаласында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының Кубогының І кезеңі салтанатты түрде ашылды. Жарыс алаңында спортшылардың жігері мен талантының айқасқан сәттері жаңа маусымның басталуын білдірді.
Салтанатты шараға Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дарменов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол спортшылардан жоғары дайындық деңгейін көрсетуді, әділ әрі тартысты бәсеке өрнегін паш етуді, сондай-ақ жарыс барысында өзара сыйластықты сақтауды сұрады.
Биылғы Кубоктың І кезеңіне еліміздің 11 өңірінен 60 спортшы қатысуда. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан (Өскемен) және Батыс Қазақстан (Орал) облыстарының командалары бар. Шымкент қаласының намысын 8 спортшы қорғайды.
Қазақстан Республикасының Кубогы – ел ішіндегі мәнерлеп сырғанаушылардың шеберлігін шыңдайтын, үздіктерді анықтайтын және ұлттық спорттың деңгейін көтеретін маңызды жарыс. Мұнда әр қозғалыс, әр айналым – тек техникалық шеберлікті ғана емес, спортшының ерік-жігерін, табандылығы мен өнерін көрсетеді.
Жарыс қатысушылары арасындағы тартыс пен шабыт көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырады. Бұл дода – болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашып қана қоймай, мәнерлеп сырғанау өнерінің ел ішінде одан әрі дамуына серпін береді.