
Шымкент қаласының ірі әкімшілік аумақтарының бірі – Еңбекші ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен ерекшеленіп келеді. Аумағы 22 800 гектарды құрайтын ауданда бүгінде 230 мыңнан астам тұрғынды бар. 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан бұл өңірде қала тіршілігінің барлық саласы жүйелі түрде дамып келеді.
Аудан аумағында 728 көше мен өткел, 3 саябақ, 15 гүлзар, 280 көпқабатты және 38 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Халықпен тұрақты байланыс орнатқан аудан әкімінің аппараты инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде.
Бүгінде аудан халқының 97 пайызы ауыз сумен, 99,8 пайызы электр энергиясымен, 97 пайызы табиғи газбен қамтылған. Асфальт жолдардың үлесі 96,5 пайызға жетсе, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші кезең-кезеңімен артуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес бекітілген 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту – басты басымдықтардың бірі. Аудан көшелерінің басым бөлігі асфальтталып, аяқжолдар салынып, жарықтандыру жүйесі толықтай жаңартылуда. Тек 2025 жылдың өзінде 195 көше асфальтталып, жүздеген көшеге заманауи жарықшамдар орнатылды. Сонымен қатар, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелер салынып, проблемалық нүктелер кезең-кезеңімен шешілуде.
Еңбекші ауданында абаттандыру жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында соңғы жылдары ондаған аула жаңарып, балалар ойын және спорт алаңшалары бой көтерді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ашық спорт алаңшалары мен заманауи спорт кешендері пайдалануға беріліп, тұрғындардың салауатты өмір салтына бет бұруына жағдай жасалуда.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы үш жылда аудан аумағында жаңа гүлзарлар мен демалыс аймақтары салынды. Бұл бастамалар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, аудан келбетін көркейтуге оң әсерін тигізуде.
Жалпы алғанда, Еңбекші ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Тұрақты даму мен нақты нәтижелер – ауданның алдағы жылдардағы әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.