
Шымкент қаласында тұрғындарды тұрақты жылумен, сапалы ауызсумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі бағыты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы желілердің сенімділігін арттыру және оларды күтіп ұстау шығындарын едәуір қысқарту.
Сумен жабдықтау
Бүгінгі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 80-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 2024 жылы «Қызылжар-2», «Ақжайық» және «Тұран» шағынаудандарында су құбыры желілерін салу және кеңейту жұмыстары жүргізілді. Демееушілердің қолдауымен 32 шақырым су құбыры желісі тартылып, нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді.
2025 жылы су жүйесінің қуатын арттыру және жаңа абоненттерді қосу мақсатында 6 су қысымын арттыру торабын салу жоспарланған.
Электрмен жабдықтау және көше жарықтандыру
Шымкент қаласының барлық елді мекендері электр желілеріне толық қосылған. «Асар-2», «Бозарық» және «Ақжар» шағынаудандарында жаңа электр желілері мен қосалқы станциялардың құрылысы аяқталды. «Қызылжар-2», «Ақжайық», «Азат», «Курсай» және «Тұран» аумақтарындағы жобалар аяқталу сатысында.
Көше жарықтандыруды дамыту аясында 2024 жылы 1 000-нан астам көше жарықтандырылды. 2025 жылы бұл жұмыстар қаланың бүкіл аумағын толық қамту мақсатында жалғасуда.
Газбен жабдықтау және цифрлық диагностика
Қала бойынша газдандыру деңгейі 97 пайызға жетті. 2024 жылы 6 елді мекенде газ желілерінің құрылысы аяқталып, 90 мыңнан астам тұрғынға табиғи газға қосылу мүмкіндігі туды. 2025 жылы газдандыру жұмыстары 10 елді мекенде жүргізіліп, 22 мыңнан астам адамды қамтиды.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Пергам» жылжымалы диагностикалық қондырғысы енгізілді. Оның көмегімен 107,3 шақырым газ құбыры мен 67 нысан тексеріліп, 45 ақау анықталып, толық жойылды. Алдағы уақытта 3 газ тарату станциясын және қуаттылығы 1,4 млн текше метрге артатын сақиналы магистральдық газ құбырын салу жоспарланып отыр.
Жылумен жабдықтау және жасанды интеллект
Шымкент Қазақстанда алғаш рет жылу желілерін жасанды интеллектті қолдана отырып, ішкі түтікшелік диагностикадан өткізген қала атанды. Пилоттық жоба аясында диаметрі 1 000 мм-ге дейінгі магистральдық құбырлардың 1 263 метрі тексерілді. Жасанды интеллектті пайдалану талдау дәлдігін 15 пайызға арттырып, жөндеу шығындарын 20–75 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
«Солтүстік-Батыс», «Асар-2» және «Нұрсат» шағынаудандарындағы қазандықтар жаңғыртылып, 15 мыңнан астам пәтер тұрақты жылумен қамтамасыз етілді. Барлық қазандықтар автоматтандырылған басқару жүйелерімен және есептеу құралдарымен жабдықталған.
Энергия тиімділігі және цифрлық басқару
«Асар», «Достық», «Ақжайық» және «Шымсити» шағынаудандарында көпқабатты тұрғын үйлерді жылылау, жылыту жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Апаттардың алдын алу және жөндеу жұмыстарын жоспарлау үшін цифрлық платформалар қолданылып, жылу беру жүйесіндегі үзілістер барынша азайтылуда.
Халықты ақпараттандыру
Қала тұрғындары жоспарлы жөндеу жұмыстары мен уақытша ажыратулар туралы ақпаратты қалалық цифрлық сервистер мен мобильді қосымшалар арқылы уақтылы алып отырады. Бұл коммуналдық қызметтердің ашықтығын арттырып, тұрғындармен өзара байланысты нығайтады.
Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді тәсіл Шымкент қаласында тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және мегаполистің тұрақты дамуына берік негіз қалауға мүмкіндік беруде.