
Шымкент қаласында 2025 жылдағы агроөнеркәсіптік кешеннің жұмысы қорытындыланды. Сала негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсімді, өндіріс көлемінің артуын және инвестициялық жобалардың белсенді іске асырылуын көрсетті.
Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 51,8 млрд теңгені құрады, бұл жоспарлы көрсеткішке жақын. Есепті жылы егіс алқаптарының көлемі 23 мың гектарға жетіп, жалпы өнім жинау көлемі 82 мың тоннаны құрады. Егіс құрылымында дәнді дақылдар 7 мың гектарды, майлы дақылдар 3,3 мың гектарды, көкөніс және бақша дақылдары 1,8 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 10,9 мың гектарды құрады.
Мал шаруашылығы саласында оң динамика сақталуда. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ірі қара мал саны 96,3 мың басты, ұсақ мал 97,9 мың басты, жылқы 21,2 мың басты, құс саны 1,2 млн басты құрады. Есепті кезеңде 6,6 мың тонна ет, 64,8 мың тонна сүт және 219,3 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Жыл басынан бері қала агроөнеркәсіптік кешеніне 12 ірі жобаны іске асыру аясында 43,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 170 жаңа жұмыс орны құрылды. Маңызды жобалардың қатарында «Alsera KZ» компаниясының 40 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешенінің іске қосылуы, сондай-ақ аумағы 144 гектарды құрайтын «Fabe Agro» польша компаниясының ірі жылыжай кешенінің құрылысы бар. Аталған нысан пайдалануға берілгеннен кейін жылына 36 мың тоннаға дейін көкөніс өнімін өндіруге және шамамен 1 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаның тұрақтылығын сақтау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жалғасуда. Қалада әлеуметтік сауда нүктелері жұмыс істейді, сауда желілері мен өндірушілермен меморандумдар жасалған, жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемелерінің сақталуына бақылау күшейтілді.
Ветеринариялық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуде. Алдын алу іс-шаралары аясында ауыл шаруашылығы жануарларына 1,2 млн-нан астам вакцинация жүргізіліп, диагностикалық зерттеулер мен санитариялық-профилактикалық жұмыстар атқарылды. Бұл қала аумағында тұрақты эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Аграрлық секторды қолдау, инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу жөніндегі кешенді шараларды іске асыру Шымкент қаласының агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді.