
Шымкент қаласында өңдеуші өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар аясында екі бірдей жаңа өндірістік нысан іске қосылды. Ашылу рәсіміне қала әкімі қатысты.
Алдымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Marvik Partners» ЖШС тоқылмаған материалдар өндіретін фабрикасы ашылды. Кәсіпорында жеңіл өнеркәсіпте, медицинада, құрылыс және басқа да салаларда кеңінен қолданылатын спанбонд өнімдерін шығарылады.
Жобаға 4,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Фабрикада 136 тұрақты жұмыс орны ашылып, өндірістік қуаттылығы жылына 4,8 мың тоннаға дейін тоқылмаған материал шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріске «Оңтүстік» АЭА аумағынан 3 гектар жер телімі бөлінді. Кәсіпорын заманауи құрылғылармен жабдықталған және импортты алмастыруға бағытталған.
Бұл күні «Alliance Buildings» ЖШС-нің пәтерлерге арналған, өртке қарсы және техникалық металл есіктер шығаратын зауыты да пайдалануға берілді. Кәсіпорын еліміздің оңтүстік өңірлерін сапалы құрылыс өнімдерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, экспорт аясын кеңейтуге бағытталған.
Компания келесі жылдан бастап Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне экспортты бастауды жоспарлап отыр. Жобаға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 3,7 млрд теңгені құрайды. Толық қуаттылығына шыққан кезде зауыт 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, жылына 150 мыңға дейін өнім шығара алады.
«Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы – Шымкенттегі өнеркәсіптің дамуындағы маңызды қадам. Мұндай жобалар жұмыс орындарын ашып, қаланың экономикалық әлеуетін нығайтады, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие салалардың дамуына ықпал етеді», – деп атап өтті Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, фабрика мен зауыттың ашылуы Шымкент қаласының өнеркәсіптік секторын дамытуға, өндірістік базасын кеңейтуге және экономикалық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосады.