
Шымкентте 2–8 желтоқсан аралығында нысана көздеуден Қазақстан Республикасының Кубогы өтуде. Бұл жарыс – ұлттық спорт күнтізбесіндегі ең маңызды додалардың бірі. Биылғы бәсекеге еліміздің әр өңірінен келген 150 спортшы қатысып, жоғары нәтижелер мен жүлделер үшін қызу тартыс жүргізуде. Олардың қатарында ұлттық құраманың таңдаулы мергендері де бар.
Турнирге Шымкент, Алматы, Астана қалалары, сондай-ақ Павлодар, Алматы, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының командалары қатысып, үздіктер қатарынан көрінуге таласуда.
Жарыс екі арнайы жабдықталған нысанда өтуде: ШГК ШВСМ тирінде және Shooting Plaza Shymkent – Shooting Club ашық атыс кешенінде. Бұл алаңдар халықаралық талаптарға сай жабдықталған және спортшыларға жоғары деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік береді.
Кубок бағдарламасына 15 жеке жаттығу және 3 Mixed Team жарысы енгізілген. Қатысушылар винтовка, пистолет және қозғалыстағы нысана бойынша өз шеберліктерін көрсетіп жатыр. Ерлер мен әйелдер арасында винтовкадан үш, пистолеттен ерлерде үш, әйелдерде екі, ал қозғалыстағы нысанадан екі жаттығудан өткізіліп жатыр.
Жарыс швейцариялық SIUS ASCOR электронды нысана жүйесінде ұйымдастырылған. Ал төрешілікті халықаралық санаттағы кәсіби мамандар атқарып, жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етуде. 7 желтоқсанда жарыс күнінің аяқталуымен спортшылар ұлттық және халықаралық талаптарға сәйкес міндетті допинг-тестіден өтеді.
Кубок нәтижесінде Қазақстанның жаңартылған ұлттық құрама командасы жасақталады. Құрама 2026 жылдың 1–14 ақпаны аралығында Үндістанда өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
Шымкентте өтіп жатқан бұл дүбірлі дода – қазақстандық мергендердің шеберлігін шыңдап, алдағы халықаралық сындарға дайындықтың маңызды кезеңі.