ШЫМКЕНТТЕ «ЖАС САРБАЗ» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ «ЖАС САРБАЗ» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Ақтас” оқу полигонында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сайысының алғашқы кезеңі өтті. Шараның мақсаты – жасөспірімдердің әскери-патриоттық рухын көтеріп, дене дайындығын нығайту, сондай-ақ әскери-қолданбалы және техникалық дағдыларын жетілдіру.

Бірінші күні жарысқа 20 командадан құралған 100-ге жуық жас қатысты. Қатысушылар белтемірге тартылу, арқаға жатып денені көтеру, АК-74 автоматын уақытқа бөлшектеу және жинақтау, саптық дайындық, газқағар кию, кедергілер жолағынан өту және әскери викторина сияқты кезеңдер бойынша бақ сынады.

Сайыстың екінші күні «Тау Самалы» демалыс аймағында жалғасты. Бұл кезеңде жастар тарих, география және алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша ұйымдастырылған викториналық сайысқа қатысып, теориялық білімдерін көрсетті. Қатысушылар әскери-патриоттық бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдері мен тапқырлықтарын сынады.

Сонымен қатар Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Жас сарбаз» қатысушыларына өмір қауіпсіздігі тақырыбында арнайы сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты — жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлар саласына деген қызығушылықты арттыру. Жедел құтқару жасағының құтқару құралдары таныстырылып, олардың қолданылу тәртібі түсіндірілді.

«Жас сарбаз» сайысы жас буынның отаншылдық сезімін арттыруға, әскери бағыттағы білімін тереңдетуге және қауіпсіздік талаптарын меңгеруге ықпал ететін маңызды іс-шара ретінде бағаланды.