
“BIRGEMIZ: Taza alem” жобасы аясында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының аумағында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастар арасында табиғатты аялау құндылықтарын дәріптеу және қала тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару мәдениетін арттыру болды.
Тазалық жұмыстарына Жастар ресурстық орталығының ерікті жастары белсенді түрде қатысып, аула ішілік аумақтарда санитарлық талаптардың сақталуына үлес қосты. Еріктілер тұрмыстық қалдықтарды іріктеп жинап, қоқыс тастайтын аумақтарды ретке келтірді, сондай-ақ төңіректегі жасыл желектерді күтумен айналысты. Бұл жұмыстар қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталды.
Шара барысында жастар экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығына назар аударып, тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру әңгімелерін жүргізді. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтіліп, көпшілікке тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, оларды белгіленген орындарға тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау жөнінде ұсыныстар берілді.
“BIRGEMIZ: Taza alem” жобасы аясында өткізілген бұл жұмыс акциясы ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін нығайтуға ықпал етті. Алдағы уақытта да осындай қоғамдық маңызы бар шаралар жалғасын табады деп күтілуде.