ШЫМКЕНТТЕ АУТИЗМІ БАР БАЛАЛАРДЫҢ ЕМІНДЕ ОҢ КӨРСЕТКІШ БАЙҚАЛАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ АУТИЗМІ БАР БАЛАЛАРДЫҢ ЕМІНДЕ ОҢ КӨРСЕТКІШ БАЙҚАЛАДЫ

Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Болат Медетов балаларға арналған жалпы психиатриялық бөлімшеге барып, ондағы жұмыс барысымен және ем қабылдап жатқан балалардың жағдайымен танысты.

Аралау барысында бас дәрігер палаталарды аралап, медициналық қызметкерлермен кездесіп, көрсетілетін көмектің сапасын арттыру және оңалту шараларын жетілдіру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада ем қабылдауына, тиімді терапия мен реабилитацияның дұрыс ұйымдастырылуына ерекше назар аударды.

Болат Медетов медициналық персоналға өз ісіне адалдық танытып, балаларға мейірім мен қамқорлық көрсетіп жүргендері үшін ризашылығын білдірді. Орталық басшылығы бөлімше ұжымына балалардың психикалық денсаулығын қорғау жолындағы еңбектері мен жауапкершілігі үшін алғыс айтып, ұжымның кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.

Айта кетейік, балаларға арналған жалпы психиатриялық бөлімше 25 төсек-орындық тәулік бойғы және 10 төсек-орындық күндізгі стационар ретінде қызмет көрсетеді. Бөлімше психикалық және эмоционалдық ауытқулары бар балаларға кешенді медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуді мақсат етеді.

Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бөлімшеде 403 бала ем қабылдады, олардың ішінде 123 балаға “аутизм” диагнозы қойылған. Емдеу барысында заманауи әдістер мен психотерапиялық және коррекциялық бағдарламалар қолданылып, әрбір балаға жеке тәсіл негізінде жұмыс жүргізілді.

Ем алған балалардың барлығында оң динамика байқалып, олардың мінез-құлқында, қарым-қатынас пен танымдық қабілеттерінде айтарлықтай жақсарулар тіркелді. Бөлімше ұжымы алдағы уақытта да балалардың толыққанды дамуына, әлеуметтік бейімделуіне және өмір сапасын арттыруға бағытталған жоғары сапалы медициналық және психологиялық көмек көрсетуді жалғастырады.