
Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Металлистов көшесі №1Б мекенжайында орналасқан №1 қалалық клиникалық аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары.
Аурухананы жаңғырту жұмыстары 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 2,9 млрд теңгені құрайды. 1971 жылы салынған ғимараттың жалпы аумағы – 26 674 шаршы метр, ал жобалық қуаты – 530 төсек-орын. Күрделі жөндеу жұмыстары аурухананың инфрақұрылымын толық жаңартып, медициналық қызметтің сапасын арттыруға, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін заманауи, санитарлық талаптарға сай қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстарымен қатар, қала дәрігерлері медициналық тәжірибеде жаңа технологияларды сәтті енгізіп келеді. №1 қалалық клиникалық ауруханада уролог-дәрігерлер алғаш рет бүйрек тастарын алудың заманауи әдісі – перкутандық лазерлік нефролитотрипсия отасын сәтті орындады. Бұл әдіс несептас ауруын емдеудегі «алтын стандарт» саналады. Ота кезінде бүйрек тасы терідегі небәрі 1 сантиметр тілік арқылы алынады. Лазерлік және эндоскопиялық технология көмегімен тастар толықтай ұсақталып, жойылады. Мұндай ота науқастар үшін жарақаттың аздығы және оңалтудың қысқа мерзімімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, шымкенттік медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Заманауи оқу-әдістемелік және медициналық жабдықтармен жарақтандырылған жетекші шетелдік клиникалар базасында мамандар үздіксіз білім алуда.
2023 жылы жалпы 183,1 млн теңге қаржыға 48 маман қайта даярлаудан өтті. Оның ішінде 16 маман Израильде, 32 маман Түркияда оқыды. 2024 жылы бұл мақсатқа 201,9 млн теңге бөлініп, 165 маман біліктілігін арттырды. Оның 45-і Ресейде оқыса, 120 маман ресейлік тәлімгерлердің қатысуымен өткен шеберлік сабақтарына қатысты.
2025 жылы медициналық кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға 381,9 млн теңге қарастырылған. Барлығы 374 маманды оқыту жоспарланып отыр. Оның ішінде 54 маман шетелдік тәжірибе алмасу аясында Ресей, Беларусь және Литва мемлекеттерінде білім алады. Сондай-ақ шетелдік мамандардың қатысуымен өтетін оқыту бағдарламаларына 320 отандық дәрігер қамтылады.
Бұл шаралар медициналық кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи білім беру технологияларын енгізуге және аймақ тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек.
Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан осы жұмыстар – денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мен медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы нақты қадамдардың айқын көрінісі.