
ШЫМКЕНТТЕ ЖЕРАСТЫ ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕРІ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЖАҢАРТЫЛУДА
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңарту жұмысын жалғастыруда. Қазіргі таңда Қазақстанская правда көшесінде мамандар көлденең бағытталған бұрғылау технологиясын қолдануда.
Жұмыс басталмас бұрын арнайы құрылғылардың көмегімен тиісті өлшемдер жүргізіліп, жер астындағы бұрғының тереңдігі, қозғалыс бағыты мен траекториясы тұрақты бақылауда болады. Бұл жұмысты жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде арнайы қондырғы белгіленген бағыт бойынша жер астында арна қалыптастырып, сол арқылы жаңа құбыр тартылады.
Аталған технологияның басты артықшылығы – жолды толық көлемде қазбай-ақ инженерлік желілерді жаңартуға мүмкіндік беруі.
Нәтижесінде жер қазу азайып, жол қозғалысына және тұрғындарға келетін қолайсыздық барынша төмендетіледі.
Заманауи технология – сапалы әрі тиімді инфрақұрылымның негізі.