
Еңбекші ауданында қала әкімінің тұрғындармен III тоқсандағы көшпелі кездесулері өтті. Кездесулер Ұлағат, Цементшілер шағын аудандарында, Базарқақпа және Тоғыс тұрғын алаптарында ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында тұрғындардың ұсыныстары тыңдалып, аумақтардағы өзекті мәселелер тікелей талқыланды. Атап айтқанда, көшелерді кеңейту, балалар ойын алаңдарын салу, бейнебақылау камераларын орнату, бағдаршамдар мен жасанды жол кедергілерін қою, қоғамдық көлік бағыттарын ұзарту, абаттандыру және экология мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар кәріз желілеріне қосылу, электр беру желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына қатысу мәселелері де қаралды.
Әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, Ұлағат шағын ауданында балабақша мен емхана салу, Тоғыс тұрғын алабында спорт кешенін салу қажеттілігі көтерілді.
Кездесулерге салалық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты. Тұрғындардың сұрақтарына тиісті түсіндірмелер беріліп, көтерілген мәселелер бойынша алдағы жұмыс бағыттары пысықталды.
Кездесу қорытындысы бойынша хаттамалар түзілді. Қосымша зерделеуді және кезең-кезеңімен іске асыруды қажет ететін мәселелер жұмыс жоспарына енгізілді. Жауапты сала мамандарына тиісті міндеттер айқындалып, көтерілген мәселелердің орындалу барысы бақылауға алынды.