
Шымкент қаласы аумағында құрылыс нормалары мен жерді пайдалану заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыс тұрақты жүргізілуде. Осының аясында Еңбекші ауданының әкімдігі тарапынан Жібек жолы даңғылы бойында орналасқан нысан бойынша материалдар жинақталып, жоспардан тыс тексеру жүргізу және тиісті шара қабылдау үшін Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданды.
Басқарма тарапынан жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында бұл жер учаскесінің нысаналы мақсаты автотұрақ үшін берілгені анықталды. Ал бұл аумақта заң талаптары бұзыла отырып, заңсыз коммерциялық нысан салынған және пайдаланылған.
Осы заң бұзушылық бойынша басқарма тарапынан сотқа талап-арыз беріліп, сот шешімімен нысан заңсыз деп танылды, ғимарат толығымен сүрілді.
Қала аумағында жер телімдерінің мақсатсыз пайдаланылуын және заңсыз құрылыстарды анықтау жұмысы алдағы уақытта да жүйелі жалғасады.
Осы орайда құрылыс-монтаждау жұмысын бастамас бұрын жер және құрылыс заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз. Тиісті талаптар сақталмаған жағдайда заңсыз құрылыс нысандары сот шешімімен бұзылып, тиісті жауапкершілік шаралары қолданылады.